Чтение WORD beta v1.01

Убрать отображение фоток   Скачать архив картинок.

Аудан әкімі Х.М.Мақсұтовтың

2017 жылдың 9 айындағы ауданның

әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларының

орындалысы туралы хабарламасы

Құрметті депутаттар!

Құрметті сессияға қатысушылар!

Аудан әкімі ретінде Сіздердің алдарыңызға атқарылған жұмыстар жөнінде ағымдағы жылдың 9 айға арналған есебімді ұсынуға рұқсат етіңіздер.

Барлық жұмыстар – Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламалары және іс-шаралар жоспары негізінде, Елбасымыздың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының міндеттерін, тапсырмаларын іске асыру бойынша, сондай-ақ Қарқаралы ауданының 2016-2020 жылдарға арналған даму Бағдарламасын басшылыққа ала отырып жасалуда.

Бюджеттің орындалуы, өнеркәсіп, ауылшаруашылық өнімі көлемінің өсуі, агроөнеркәсіп кешені мен шағын бизнестің дамуы, аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру басты міндеттер болып қала бермек.

Осыған орай, барлық әлеуметтік және экономикалық бағдарламалардың орындалуы, бірінші кезекте аудандық бюджеттің сапалы орындалуына байланысты жүзеге асырылады.

2017 жылдың 1 қазанына аудан бюджетінің жергілікті кірістер бойынша орындалысы – 555,2 млн. теңге, немесе жоспарға 113,2 % (жоспар 490,3 млн. теңге).

2017 жылдың 1 қазанына аудандық бюджеттің қаржысы 99,7 % - ға игерілді, жоспары 3 млрд. 992,6 млн. теңге, игерілген сомасы 3 млрд. 981,2 млн. теңге, игерілмеген сомасы 11,4 млн. теңге.

Аудан бойынша жергілікті өзін-өзі басқарудың екі салық түрінен (жеке тұлғалардан алынатын және көлік салығы) 1 қазанға 41972,0 мың теңге 100%-ға игерілді.

Ағымдағы жылдың 9 айы бойынша жалпы экономиканың көлемі 30618,2 млн. теңгеге жетіп, 2016 жылдың тиісті кезеңмен салыстырғанда 85,0% болады. Жоспар 82,9%-ға орындалады. Жалпы экономика көлемінің төмендеуі негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі көрсеткішіне байланысты болып тұр.

Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша күтілетін негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 4,3 млрд. теңгені құрап, нақты көлемінің индексі 33,0%-ға орындалады. (Жоспар 12,3 млрд. теңге).

Анықтама үшін: Көрсеткіштің орындалмау себебі ауданда «Көктасжал» мыс кен орнында тау-кен кешенін салу және пайдалану» жобасы жүзеге асырылып, былтыр іске қосылған. Жобаның жалпы құны 63,1 млрд. теңге құраған. Бүгінгі күнге барлық игерілген инвестициясы 38,7 млрд. теңге.

Ағымдағы жылы статистикалық органдарға 9,5 млрд. теңге көлемінде игерілген инвестиция бойынша есептері тапсырылды. Бірақ кәсіпорында биылғы жылға қатысты растаушы құжаттардың болмауына байланысты есептер қабылданбаған. Оның себебі, барлық техника мен жабдықтар 2013-2014 жылдары алынып, тиісті құжаттары (счет фактура, келісім шарттар) сол жылдары жасалған. Бірақ құру, орнату және іске қосу мен жөндеу жұмыстары осы күнге дейін жасалып жатыр. Осыған сәйкес нысандар мен жабықтардың пайдалануға берілуі біртіндеп жасалады. Ал есептері жоғарыда аталған нысандардың іске қосылғанынан кейін ғана беріледі.

Ауданда жүзеге асырылып жатқан «Қарқаралы ауданында «Алайғыр» кен орнында полиметалдық кендерді өндіру» жобасы бойынша қараша айында 4,0 млрд. теңге игеріледі деп жоспарлануда (электр желілерінің құрылысы). Жобаның жалпы құны 64,2 млрд. теңге.

Сонымен қатар «Шанырақ ХХІ» ЖШС Қарқаралы қаласында жел электростанциясын салу жобасы бойынша биылғы жылы 7,5 млрд. теңге инвестиция тарту қарастырылып отыр. Жобаның жалпы құны 108,0 млрд. теңге.

Жалпы жыл қорытындысымен негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 16,5 млрд. теңге болады деп күтілуде. (2016 жыл 15,8 млрд. теңге немесе 104,4%).

Ауылшаруашылық өнімінің көлемі 16767,0 млн. теңгені құрайды, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 100,6%, ал жоспар 100,5%-ға орындалады. Нақты көлем индексі – 101,5%-ды құрайды.

Қарқаралы ауданы бойынша биылғы жылы 53,6 мың гектарға дәнді – дақыл себілді. Аудан бойынша жауған бұршақтан және жауынның уақытында болмауынан 5,8 гектар егістік алқап есептен шығарылды.

Жалпы 47,8 мың гектардан 7 центнерден өнім алып, 33 мың тонна астық бастыру жоспарлануда.

Бүгінгі күнге 10 мың гектарға сүдігер (зябь) жырту және келесі жылға 5,2 мың тонна тұқым құю міндеті тұр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қарқаралы ауданына 7 ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жөнінде тапсырма беріліп, қазіргі уақытта 10 ауылдық округте 11 кооператив құрылды.

Атап айтқанда, Бесобада «Асыл жер KZ» және Угар ауылдық округінде «Ақбұлақ Агро» ауыл шаруашылығы кооперативтері сүт қабылдау, сауу бағытында құрылды. Бүгінгі күнге Теміртау қаласындағы «Рен Милк» сүт заводына «Ақбұлақ Агро» -58,7 мың литр және «Асыл жер KZ» -12,7 мың литр, барлығы – 71,4 мың литр сүт тапсырды.

«Асыл жер KZ» ауыл шаруашылығы кооперативі модульді сүт қабылдау пунктін әкеліп, орнатты. «Ақбұлақ Агро» ауыл шаруашылығы кооперативі сүт қабылдау пунктіне сұраныс берді.

Ал Ынталы, Қаршығалы, Тегісшілдік, Қайнарбұлақ, Бақты, Қ.Аманжолов, Тәттімбет, Мәди ауылдарында ірі қара малын бордақылап, өткізу бағытында құрылды.

Сонымен қоса Тәттімбет ауылдық округіндегі «Арқалық» ауыл шаруашылығы кооперативі модульді мал сою пунктіне, Мәди ауылдық округіндегі «Мәди Агро» ауыл шаруашылығы кооперативі ет тасымалдайтын рефрижераторға сұраныс берді, жақын арада келеді.

Жоғарыда аталған кооперативтерге барлығы 305 адам мүшелікке қабылданып, оның 188-і 485,3 млн. теңге несие алып, 2386 бас ірі қара сатып алды.

Алтын асық бағдарламасы бойынша Жаңатоған а/о бойынша «Бейсенбек» шқ 198 бас, Балқантау а/о бойынша «Балқантау» шқ 273 бас қой малын алды. Орындалысы 157 %.

Сыбаға бағдарламасы бойынша Бесоба а/о бойынша «Қоңыртас» шқ 24 бас ірі қара алса, Бақты а/о «Кешубай» шқ бойынша 3 бас асыл тұқымды бұқа алды. Орындалысы 9 %.

Құлан, Сыбаға бағдарламалары бойынша облыстан қаржыландырудың болмауына байланысты мал алу жұмыстары тоқтап тұр.

«Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы бойынша мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы бойынша субсидия төлеу құжаттары облыстық басқармаға жолданып субсидиялар төленуде:

Жалпы бағдарлама бойынша бүгінгі күнге 185 556,0 мың теңге субсидия төленуге жіберілді (мал шаруашылығы бойынша барлығы 164 шаруа қожалығына – 163 810, 0 мың теңге; өсімдік шаруашылығы бойынша барлығы 13 шаруа қожалығына – 21 746,0 мың теңге).

Аудан бойынша 2017 жылдың өткен 9 айында ветеринариялық профилактикалық диагностикалық іс-шаралар жоспарға сәйкес орындалуда.

Анықтама үшін: Сібір жарасына 34650 бас ірі қара (62%), 168050 бас қой-ешкі (100%) және 13000 бас жылқы (100%), етқоректілер эхинококкозына 1100 бас ит (100%), жоғары патогенді құс тұмауына 8400 бас құс (100%), қарасанға 40500 бас ірі қара (100%), егілді. етқоректілер эхинококкозына 3250 бас ит (100%), жоғары патогенді құс тұмауына 17760 бас құс (100%), қарасанға 34450 бас ірі қара (100%), егілді.

Туберкулезге 106950 бас ірі қара (100%), маңқаға 1000 (33%) бас жылқыға аллергиялық тексеріс жүргізілді. Облыс тарапынан ірі қара малын сібір жарасы мен жылқы малын маңқаға қарсы дәрі дәрмектер толық бөлініп берілмегендіктен жоспар орындалмай қалды.

Диагностикалық зерттеу кезінде анықталған 878 бас ірі қара малының бүгінгі күнге 645 бас малы Ақмола облысы Қорғалжын ауданы, Сабынды ауылында орналасқан «Астана Агропродукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал сою пунктіне санитариялық союға жіберіліп, ал 235 бас ірі қара малы өз мұқтажына сойылған.

Анықтама үшін: Осыған орай ережеге сәйкес 30 % өтем ақы төлеу үшін Республикалық бюджеттен ауданға 20500,0 теңге қаражат бөлінді. Бүгінгі күнге мал иелерінің 459 бас ірі қара малына 20196,5 мың теңге қаражаты төленіп, қалған санитариялық союға тапсырылған 161 бас ірі қара малының қаражатын төлеу үшін құжаттары рәсімделіп, облыстан қосымша қаражатқа сұраныс берілді.

Аудан бойынша сібір жарасының көміндісі кадастырға сәйкес 1948-2002 жылдардағы сібір жарасының 31 ошағы анықталған болатын. Бүгінгі күнге кадастырдағы координаттар бойынша 29 үйінді ошақ қоршалып, аумағында мал бағуға, құрлыс жұмыстары мен жер қазу мен жыртуға тиым салынатындығы жөнінде және осыған жауапты маманға жүктелгендігі туралы аты – жөні көрсетілген белгілер қойылды.

Биыл мемлекеттік қордағы жерлерден ауыл шаруашылық айналымына 40,0 мың гектарын жер учаскесін конкурстармен енгізу жоспарланған.

Жыл басынан бастап 3 конкурс өткізіліп 89198,3 мың га жер учаскелері конкурстар арқылы шаруа қожалықтарына пайдалануға берілді, орындалысы – 222 пайыз. Оның ішінде 38 шаруа қожалығы жаңадан ашылып, 42266,8 гектары жер учаскесін алды, оның 1722 га егістік жер, қалған 32 шаруа қожалығы 46931,5 гектар қосымша жер алды, оның 3406,6 гектары егістік жер.

Өнеркәсіп өнімінің көлемі 5308,2 млн. теңгені құрайды, 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 178,0%, жоспар 142,8%-ға орындалады. Нақты көлем индексі – 150,0%.

Бұл көрсеткіштің негізгі бөлігін тау кен өнеркәсібінің көлемі алады. Арселор Миттал Темиртау кәсіпорнына қарасты аудандағы ірі кәсіпорын «Өркен-Кентөбе» өкілдігінің өнімі 2040,0 млн. теңгені құрайды. Кен өндіру көлемі 520,0 мың тонна құрап, темір қойыртпаларын шығару 386,0 мың тонна орындалады.

„Қазақмыс Корпорациясы“ жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты Қарағайлы байыту фабрикасымен 9 айдың қорытындысымен 170,0 мың тонна мыс қойыртпалары шығарылады деп күтілуде. Кәсіпорында өндірілетін кен «Ақбастау» және «Абыз» кен орындарынан жеткізіліп отыр.

«Абыз» кенішін шахталық әдіспен өндеу бойынша жұмыстары аяқталып, мамыр айында бастап кен өндіру жұмыстары қолға алынған. Бүгінгі күнге кәсіпорын толық іске қосылған. Осы уақытқа дейін барлығы 95,0 мың тонна кен өндірілген.

«Алтай Полиметаллы» кәсіпорнына қарасты Теректі тау кен байыту комбинаты өнім шығару жұмыстары басталған. Барлығы – 341,0 мың тонна кен өндіріп, 2,8 мың тонна мыс қойыртпалары бойынша есептерін тапсырды. Кәсіпорында барлығы 500 жуық адам жұмыс істеуде.

«Алайғыр кен орнында полиметалдық кендерді өндіру және қайта өндеу» жобасы бойынша тиісті жұмыстар жасалуда. Бүгінгі күнге кәсіпорынның жоспарларына сәйкес жұмыстар атқарылуда. Кен бетін ашу жұмыстары жүргізілуде, вахталық кент салу, подстанция және электр желілірінің құрылыс, т.б. жұмыстар жасалуда. Биылғы жылы электр желілері мен подстанция іске қосылады.

Үстіміздегі жылдың 1 қазанына аудандағы шағын бизнес субъектілерінің саны 2105 жеткен немесе 2016 жылмен салыстырғанда 113,5 % болды. Аудан бойынша шағын бизнес саласында барлығы 3378 адам жұмыс жасайды. Былтырғы жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 101,3 пайызға өсіп отыр. Аудан бойынша шағын кәсіпкерлік субъектілерімен шығарылған өнім көлемі 2840,0 млн. теңгені құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 106,8 % жетті. 9 айда барлығы 278 жаңа кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, онда 300 ден астам жұмыс орындары ашылған.

Бөлшек тауар айналымының көлемі 1978,0 млн. теңгені құрап, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 108,7%, жоспары 103,0% болады. Нақты көлем индексі – 101,5%-ды құрайды.

Ауданда туризмді дамыту мақсатында жұмыстар атқарылуда.

Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғат паркінің аумағында жалға алуға болатын, туризм нысандарын салуға қолайлы жер учаскелерін беру жұмыстары жалғастырылуда. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында конкурс жарияланып жалпы аумағы 7,7 га жер учаскелері 6 кәсіпкерге жалға тапсырылған. Жоспарлары бойынша туризм нысандары салынады.

Ұлттық парк аумағында жеке кәсіпкер Қ.Оразбаевтың демалыс үйінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жер аумағы 2,7 га. Жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген.

Қарқаралы қаласының аумағында «Тасбұлақ» демалыс үйінің жанында жаңадан туризм нысаны салынуда. Жобаны жүзеге асырушы жеке кәсіпкер Т. Даутов. Жоба құны - 40,0 млн. теңге. Биылғы жылы демалыс орнының 2 ғимараты, кафе және моншасы салынады.

«Қарағанды-Қарқаралы жол аралығында орналасқан «Айса» шаруа қожалығының жер аумағында «Асан» кемпингі құрылысының жобасы» өз қаражаттары есебінен жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні негізгі құрылыс жұмыстары аяқталуда. 2018 жылы іске толық қосалады деп жоспарлануда.

«Жолжақсы» демалыс үйін қайта құру жобасын жүзеге асыру жұмыстары аяқталуда. Жүзеге асырушы «Кент Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бүгінгі күнге 2 қабатты коттедж үйін салу жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі кезде 2 қабатты 24 нөмірге арналған корпустын ішкі жұмыстары жасалуда. Жақын арада іске қосылады.

"Бизнестің жол картасы-2020" бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда:

Атап айтқанда Қарқаралы қаласында «Қоныс» қонақ үйі мен мейрамхана құрылысының жобасы. Қарқаралы қаласының шығыс жағында өз қаражаттары есебінен құрылыс жұмыстары басталған. Жобаны жүзеге асырушы жеке кәсіпкер Т.Жакупова. Жоба құны орташа есеппен 50,0 млн. теңге. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы несие алу мақсатында «Қазақстан халық банкіне» құжаттар тапсырылған (36,0 млн. теңге).

Ұлттық табиғи парк аумағында жоғарыда айтып кеткен жеке кәсіпкер Қ.Оразбаевтың демалыс үйінің құрылысы. Жобаның құны орташа есеппен 500,0 млн. теңге. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы несие алу мақсатында құжаттар «Форте Банк» акционерлік қоғамына тапсырылып, мақұлданған. Алдағы уақытта үйлестіру кеңесінің қарауына жіберіледі.

Гранттық қаржыландыруға ауданнан 10 жоба жіберілді, үйлестіру кеңесінің шешімі бойынша Қарқаралы қаласынан «Калифорния құртын пайдалана отырып органикалық қалдықтарды қалпына келтіру және қайта өңдеу» жобасымен жеке кәсіпкер Кәрімұлы Жігер 1,1 млн. теңге көлемінде қолдау алды.

Ауданда әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке (19 түр) және халықтың сұранысына бірінші кезекте қажетті тауарлардың бағаларына үнемі бақылау жұмыстары жасалуда. Апта сайын қала басындағы, кент және селолық округтердегі азық түлік дүкендеріндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке мониторинг жүргізіліп, тиісті жоғардағы органдарға жолданып отыр (кәсіпкерлік басқармасы, монополияға қарсы комитет). Дүкен иелеріне бағаны себепсіз көтермеу жөнінде түсіндіру жұмыстары үнемі жүргізілуде. Қыркүйек айында 2016 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 2 түрінен қымбаттау байқалып отыр: сиыр еті 108%, сәбіз – 127,8%. Бұл маусымдық қымбаттаға байланысты болып тұр.

Биылғы жылы аудандағы барлық азық-түлік дүкендерімен көтерме бағаға 5 %-дан артық қоспау жөнінде 204 Меморандум жасалған, бұл жұмыстар әрі қарай жалғастырылуда.

Жеке кәсіпкер Г.Битебаевамен «Тас базарда» 3 сауда орындарын тегін беру жөнінде меморандумға қол қойылды.

Қарқаралы қаласында ауылшаруашылық жәрмеңкелері өткізіліп отыр. Бұл жерде ет, жартылай дайындалған ет өнімдері, нан өнімдері, бакалеялық өнімдер, көкөністер және сүт өнімдері сатылады. Биылғы жылы Қарқаралы қаласында 7 жәрмеңке өткізіліп 20,0 млн. теңге жуық өнімдер сатылды. Орташа есеппен жәрмеңкеде өнімдер нарықтық бағадан 10-15% төмен бағамен сатылады.

Аудан бойынша 2017-2018 жылғы жылу беру маусымының жоспарланған жұмыстарына сәйкес 2017 жылы аудандық бюджет есебінен қазандықтарда тиісті ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, оның ішінде:

Қарқаралы қаласының №3, 4, 5 қазандықтарында 48,3 млн теңгеге 5 дана қазандық айырбасталды.

Қарағайлы мәдениет үйінің ескірген 2 қазандардын орнына КСВр-0,40 маркалы 2 қазан орнатылды.

Ағымдағы жылдың, мамыр тамыз айлар аралығында ауданның 60,0 га болатын аумақта дезинсекциялық іс-шаралар жүргізілді.

Көптен бері көтеріліп келе жатқан қала басындағы Т.Әубәкіров көшесі, 28 үйде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіле басталды. Бүгінгі күні үйдің шатыры толығымен айырбасталды, қазан айының аяғына дейін дәліздерді жөндеу жұмыстары толығымен аяқталу жоспарланып отыр. Жөндеу жұмыстары «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» («ТКШ-ны жаңғырту») бағдарламасы аясында жүргізілуде, мердігері «Мырзабеков» жеке кәсіпкері. Бұл жұмыстар 2018 жылы жалғастырылып үйдің жертөлесіндегі жылу, кәріз және су жүйелері айырбасталады.

2017 жылдың аяғына дейін барлығы 191,3 шақырым құрайтын электр желілерін коммуналдық иелікке алу мақсатында электр желілері орналасқан жер учаскелерінде ауыл шаруашылығы өндірісінің шығындарын есептеу жүргізу үшін бюджет есебінен 757 мың теңгеге қарастырылды, жұмыстары жыл аяғына дейін жүргізіледі.

Сонымен қоса, «Қарқаралы ауданы бойынша коммуналдық қалдықтардың пайда болуы және жинақталу нормаларының есебі» бекіту мақсатында бүгінгі күні 201,6 мың теңгеге «ПромЭнерджиЭксперт» мекемесі тиісті есептерін әзірлеуде. Ағымдағы жылдың 4-тоқсанында, әзірленген Есептері аудандық мәслихат отырысына бекітуге ұсынылатын болады.

Жолдар бойынша

Қарқаралы ауданы бойынша барлығы 1118 шақырым автомобиль жолдары бар. Оның ішінде 165 шақырым – республикалық, 311 шақырым – облыстық және 632,4 шақырым – аудандық маңызы бар жолдар.

2017 жылы:

Аудандық маңызы бар жолдарда орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін аудан бюджетінен 263,3 млн.теңге қарастырылды. Оның ішінде:

- 134 млн.теңге – «45 шақырым Қарқаралы-Қ.Аманжолов» бағытындағы аудандық маңызы бар жолдың 4,5 шақырымына немесе 27 000 шаршы метрінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді, мердігер «Агропромремстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Аталған жолдың қалған 38,5 шақырымында орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін республикалық немесе облыстық, аудандық бюджет есебінен 793,5 млн.теңге қаражат қажет.

- 100 млн. теңге - Қарқаралы қаласының ішкі көшелерінің жолдарына орташа жөндеу жұмыстары мердігер «Кварц-М» мекемесі арқылы жүргізіліп толық аяқталды.

- 16,0 млн.теңгеге «Тегісшілдік-Қарынши» жолындағы су өткізгіш құбырларға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы қарастырылып, бүгінгі күні «KazNetService» ЖШС-мен келісім шарт жасалған, қазіргу уақытта қажетті диаметрі 1 метр құрайтын 6 темір трубалары орнатылып, ботандық жұмыстары аяқталды, жұмыстары толығымен осы аптаның аяғына дейін аяқтау жоспарлануда.

- 87,3 млн.теңгеге Қарағайлы кентінің ішкі көшелерінде 28 800 шаршы метр орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінгі күні барлығы 22 мың шаршы метр асфальт төселді, қалған 6 мың шаршы метр осы аптаның соңына дейін төселіп бітеді.

- 20,0 млн.теңгеге Егіндібұлақ селосының ішкі көшелерінің жолдарында 5900 шаршы метр орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп толық аяқталды.

- Қарқаралы ауданының 632,4 шақырым құрайтын аудандық маңызы бар жолдарда қысқы және жазғы күтім жұмыстарын жүргізу үшін 64,7 млн. теңге қаралды. Аталған қаржының 40 млн.теңгесі қысқы күтім жұмыстарына, қалған 24,745 млн.теңгесі жазғы күтім жұмыстарына қарастырылды. Бүгінгі күні жазғы күтім жұмыстары аяқталу сатысында, қысқа әзірлік жұмыстары жүргізілуде.

«Қарағанды Аягөз-Бұғаз» республикалық маңызы бар автокөлік жолының 51 шақырымында жөндеу жұмыстары жасалды. Оның ішінде:

- 141-175 шақырымында (31 шақырым теміржолдан бастап – Көктасқа дейін) – мердігері «Валерия ММ» ЖШС-гі, жұмыстары мамыр айында басталып, бүгінгі күні аяқталды.

- 200-217 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары және 202шқ+200м, 203шқ+955м, 212шқ+700м, 175 шақырымында орналасқан су өткізгіш құбырларын айырбастау жұмыстары мердігері «Дила Компани» ЖШС-гі, жүргізілді.

- Сонымен қатар, республикалық маңызы бар автокөлік жолда бүгінгі күні «Қазавтожол» Акционерлік қоғамының ДЭУ-72 мекемесі арқылы 6500 шаршы метірге ағымдағы жөндеу, 200 жол белгілері қалпына келтіріліп боялды, 130 сигналдық бағана, 12 автоповилион ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Өртке қарсы жер жырту және жолдың жиегінің шөбін шабу жұмыстары жүргізілді.

Облыстық маңызы бар «Қарағанды-Аягөз-Қоянды-Егіндібұлақ-Бүркітті» жолындағы көпірге мердігері «Матан» ЖШС-гі арқылы жөндеу жұмыстары басталып, бүгінгі күні көпірдің темір бетонды плиталарын толығымен алып, жаңадан қою жұмыстары аяқталды, бұл жұмыстарды аяқтау 2018 жылға жоспарланған.

Сонымен қатар, облыстық маңызы бар Бүркітті-Егіндібұлақ бағытындағы тас жолға 5188 шаршы метрге ағымдағы жөндеу, 132 жол белгілерінің бермасын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Құрылыс жұмыстарының көлемі бойынша 2017 жылдың 9 айлық жоспары 2315,0 млн. теңге. Бұл көрсеткіш 2016 жылдың 9 айымен салыстырғанда 102,6%-ға орындау күтілуде, нақты көлем индексі – 100%-ды құрайды.

Қаңтар-қыркүйек айлары бойынша іске қосылған тұрғын үйлер 1754 шаршы метр. 2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 56,9%-ға, жоспар 31,3%-ға орындалады.

Іске қосылған тұрғын үйдің болмау себебі - бюджет есебінен қаражаттың бөлінбеуіне және құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты орындалмай отыр.

«2020 жылға дейінгі Өңірлерді дамыту бағдарламасы» бойынша ауданда ағымдағы жылға 24 жоба жоспарланды (жалпы сомасы 28373,0 мың теңге). Осы бағдарлама аясында 20 ауылдық округта жұмыстар аяқталды:

Қарағайлы кенті, Егіндібұлақ, Тәттімбет, Қаракөл, Мәди ауылдық округтерінде жолдарға ағымдық жөндеу жұмыстары аяқталды;

Қ.Аманжолов, Бақты, Балқантау, Бүркітті, Томар, Қоянды, Қайнарбұлақ ауылдық округтеріндегі мектептерде, Айнабұлақ ауылында шағын орталықта ағымдық жөндеу жұмыстары аяқталды (терезе орнату);

Ынталы ауылдық округіне тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын жайластыру жұмыстары аяқталды;

Матақ ауылында бетонды қоршауларды орнату жұмыстары аяқталды;

Тегісшілдік ауылында кіре берістегі арка құрылысы аяқталды;

Бесоба ауылдық округінде клубты ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстары аяқталды;

Жаңатоған, Темірші ауылдық округтерінде су жүйелеріне ағымдық жөндеу жұмыстары аяқталды;

Жаңанегіз ауылында көшелерді жарықтандыру жұмыстары аяқталды.

Н.Әбдіров, Қаршығалы 2 ауылдық округте жұмыстар жалғастырылуда. Н.Нұрмақов, Шарықты ауылдық округтері осы бағдарлама бойынша игерілмеген қаражаттарын азайтуға бюджеттік өтінім берді.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Қарқаралы қаласының шығыс аумағында инженерлік-коммуникация жүйесінің құрылысы нысаны бойынша 2016 жылдың 13 қазанында барлығы 313,7 млн.теңгеге «Парсек» ЖШС-мен келісім-шартқа қол қойылған. Оның ішінде қаралғаны:

2016 жылға – 100,0 млн.теңге, игерілді.

2017 жылға – 213,7 млн.теңге. Сәуір айында игерілгені - 44,7 млн.теңге.

2016-2017 жылдары аралығында жалпы 5,2 шақырым кәріз жүйесі, 2,5 шақырым су жүйесі тартылды.

Электр жүйесін тарту жұмыстарын бастауға 397 бағаннан 80 данасы ғана жеткізілді.

Бірақ, бүгінгі күнге мердігер «Парсек» ЖШС жоспарланған жұмыс кестесінен 90 күнге қалып қойып отыр, осыған байланысты бөлім тарапынан мердігер Қарағанды облысы бойынша мамандырылған ауданаралық экономикалық сотқа берілді. Бүгінгі күнге талап арыз сотта қаралуда.

Анықтама үшін: Жобаның мақсаты Қарқаралы қаласының шығыс аумағында 250 жер учаскесіне инженерлік инфрақұрылымды тарту.

Кәріз жүйесі – 7,9 шақырым.

Су жүйесі – 8,4 шақырым.

Электр жүйесі – 8,54 шақырым.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған Бағдарламасы». Тоғыз айдың қорытындысымен, аудан бойынша тұрақты, уақытша және маусымдық жұмыспен қамтылғандар саны 491 адам болды (жоспар 465 адам, орындалысы 105%). Әлеуметтік жұмыс орындарына 36 адам жолданды (жоспар 30 адам, орындалысы 120%). Жастар практикасына 15 адам жолданды (жоспар 13 адам, орындалысы 115%). Аумақтарды дамыту бағдарламасы бойынша сәуір айында 9 адам кәсіби қайта даярлау оқуына жолданды (жоспар 6 адам, орындалысы 150%). 2016 жылдан бастап 6 адам кәсіби даярлау оқуды жалғастыруда, аяқталуы қазан айында. Шілде айында 14 адам (аспазшы, шаштараз, тігінші мамандықтар бойынша) қысқа мерзімді кәсіби оқуға жолданды (жоспар 14 адам, орындалысы 100%). Қыркүйек айында 255 адам (от жағушы мамандығы бойынша) 1-айлық қысқа мерзімді кәсіби оқуға жолдама алып, оқуларын аяқтады (жоспар 164 адам, орындалысы 155%).

9 айдың қорытындысымен ақылы қоғамдық жұмыстарға 305 адам жолданды (жоспар 285 адам, орындалысы 107%);

Бағдарламаның 2 бағыты бойынша сәуір айынан бастап 194 адам «Бастау-бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды (орындалысы 104,3%, жылдық жоспар 186 адам).

Несиелендіру бойынша барлығы 83 адам 386,053 млн.тг. несие алды (орындалысы 84%, жылдық жоспар 57 адамға 460,7 млн.тг. несие беру). (Оның ішінде: «Қарқаралы» несие серіктестігі арқылы 15 адам (120,9 млн.тг.), «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 68 адам (265,121 млн.тг.) несие алып отыр).

Сонымен қоса, 60 адамға (179,9 млн.тг.) жолдама берілді («Қарқаралы» несие серіктестігіне 17 адам (106,2 млн.тг.), «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-на 43 адамға (73,7 млн.тг.)).

«2016-2019 жылдарға арналған Денсаулык» бағдарламасы бойынша қалалық емханада дәрігерге қаралып кеңесін алғандар саны – 156 976 адам, стоматологиялық тегін көмек алғандар саны - 2980 адам, жедел медициналық көмек – 5182 науқасқа көрсетілді.

Амбулаторлы деңгейде диспансерлік есептегі науқастар тегін дәрі-дәрмекпен 39206,0 мың тенгемен қамтылды, жыл басынан 390 нәресте дүниеге келіп, ана мен балаға арналған қобдишамен толығымен қамтылып, 398,0 мың теңге қаражат жұмсалды.

Жүрек дертін уақытында анықтау мақсатында аудандық ауруханасының қабылдау бөлімінде ЭКГ телеметрия аппараты іске қосылып, науқастың ЭКГ нәтижесін облыстық кардиологиялық орталығының дәрігерлері оқып, кеңестер береді. ЭКГ телеметрия аппараты Егіндібұлақ және Қарағайлы ауруханасына алынып, іске қосылды.

Жеті айдың қорытындысы бойынша барлық скринингтік тексерістен өткендер саны – 12030 адам.

Ана өлімі болған жоқ. Нәресте өлімін азайту 1000 нәрестеге шаққанда -2-5,0%. Жалпы өлім деңгейін азайту 1000 халық санына шаққанда - 7,1%. Аудан бойынша өмір сүру жасы - 71,1 % құрады.

«Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бойынша ауданымызда оқу-материалдық базасы нығая түсуде. 2017 жылы ПИК-моделін жүзеге асыру мақсатында жергілікті бюджеттен 37 млн. 696 мың теңгеге 76 дана ПИК-моделі алынды (1 дана - 496 мың теңге).

Оқу жылы ішінде 4 химия, 4 физика, 2 мультимедия жаңа модификациялық кабинеттерін алу үшін жергілікті бюджеттен 46 млн. теңге жұмсалып, кабинеттерді жеткізу жұмыстары аяқталуда.

Биыл ауданда педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінің ашылуы жоспарланып, бүгінгі күні жергілікті бюджеттен 4 млн. 900 мың теңгеге жабдықтар алынуда.

Қарқаралы қаласының Ә.Ермеков атындағы № 2 орта мектебінде эксперттік зерттеу бойынша техникалық қорытындысын алу жөнінде 2017 жылы маусым айында конкурс жарияланып, қорытынды шығаруға жергілікті бюджеттен 1 млн. 624 мың теңге жұмсалды.

Сонымен қатар жергілікті бюджеттен 800 мың теңгеге 80 компьютер, бастауыш сынып оқушыларын шкафтармен қамтамасыз ету мақсатында 5 млн 175 мың теңге, Wi-Fi роутерлерді орнату үшін 2 млн. 945 мың теңге бөлінді.

Қосымша білім беру мекемелерінің желісі де кеңеюде. 2017 жылы жергілікті бюджеттен 1 млн. 192 мың теңге жұмсалып, «Жас туристер станциясы» ашылды. Бұдан басқа да көптеген жұмыстар осы білім саласында жүзеге асуда.

«Діни терроризм мен экстремизмнің алдын алуға бағытталған мемлекеттік бағдарламасы» бойынша 9 айда 3487 адамды қамтитын 45 жалпы профилактикалық кездесулер өткізілді (оның ішінде жастар саңы – 1898).

2016 жылдың қараша айында аудан бойынша тіркеуде 80 адам болса, 2017 жылдың қыркүйек айына атаулы мекенжайлық кездесулер бағытындағы жұмыс бойынша деструктивтік дәстүрлі емес діни ағымды ұстанушылар тізімінде (салафизм) 67 адам тіркелген. Жалпы жыл басынан 67 жеке профилактикалық жұмыспен 45 адам қамтылды. (Қарқаралы – 23, Қарағайлы – 20, Егіндібұлақ – 2). Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда.

Ауданда 9 ай ішінде тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 171-ден 186-ға өскен. Осы уақыт ішінде тіркелген ауыр қылмыстар 10-нан 20-ға, ал аса ауыр қылмыс 0-ден 4-ге дейін өсіп отыр. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылу пайызы 77,8 (90,0) пайызды құраған. Сондай-ақ, ұрлықтар 81-ден 105-ке дейін, тонау 0-ден 3-ке дейін өскен. Сондықтан ішкі істер бөліміне, жергілікті полиция қызметіне әлі де болса тиісті жұмыстарды өз деңгейінде орындау міндеті тұр.

Мемлекеттік қызмет көрсету деңгейдің жақсаруы ел экономикасының және әлеуметтік дамуының көрсеткіші болып табылады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация арқылы 2017 жылдың 9 айында көрсетілген мемлекеттік қызметтер саны- 1923 болды. Мемлекеттік органдарда, қағаз түрінде - 71515 қызмет көрсетілсе, есептік кезеңде электрондық түрде 656 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Осы орайда мемлекеттік қызмет санын ғана емес сапасын жақсарту да басты міндеттеріміздің бірі болып қала бермек.

Аудан бойынша бүгінгі күні спортпен шұғылданушылар 30% пайызға дейін жетіп отыр, яғни 38100 адамның 11460 адамы спортпен шұғылданады. Былтыр Қарабұлақ ауылындағы спорт кешені жөндеуден өткізілді. Ауыл мектебінің жанынан хоккей корты салынды.

Қазақстан Республикасы Тұнғыш Президентінің – Елбасының қысқы және жазғы спорт түрлерінен аудан бойынша сынамалары тапсырылды. Аудан бойынша 5460 адам қысқы спорт түрінен тапсырса, 9915 адам жазғы спорт түрлерінен сынақ тапсырды. Барлығы қысқы спорт түрінен 14,5% құраса жазғы спорт түрінен 26,4% құрап отыр.

Ауданымыздың мәдениет саласында да көптеген жұмыстар ұйымдастырылып, жасалуда.

Жыл басынан Қарқаралы мәдени-сауық орталығының, ауылды жерлердегі клубтардың, орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен 2593 мәдени шара (600 мыңға жуық көрермен) өткізілді. Мәдени шаралармен бірге атаулы мерекелік күндерге, мемлекеттік мерекелерге арналған байқаулар, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.

Бұл шаралардың барлығы Елбасының Рухани Жаңғыру мақаласы аясында, Қазыбек би бабамыздың 350 жылдығына арналып, өткізілді.

Құрметті депутаттар, жалпы, жасалған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелер, бізге ІІ жартыжылдықта берекелі жұмыстар жасауға ұмтылыс береді.

ІІ жартыжылдықта барлық жөндеу, құрылыс жұмыстарын аяқтау, ауылшаруашылық саласын, экономиканың нақты секторын дамыту, оның ішінде шағын бизнес пен туризмді дамыту жұмыстарын жалғастыру жоспарлануда. Аз қамтылған азаматтарды қолдау және әлеуметтік көмек бойынша шаралар жалғастырылатын болады. Бюджет қаржыларын мақсатты, ашық жұмсауда атқарушы билікпен өкілетті билік арасында өте тығыз іскерлік қарым-қатынас жақсы қалыптасқан. Көп мәселелер депутаттар ұсынысымен айқындалып жатады. Сіздердің тараптарыңыздан ауылдардағы біз байқамай жататын проблемалар анықталып, ұсыныс беріліп, шешіліп отырады. Алдағы уақытта да осылай тізе қосып, бірлесіп жұмыс атқарамыз деп есептеймін.

Келешекте де Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қойған міндеттерін орындау мақсатында қолдағы барлық резервтерді іске қоса отырып, аудан экономикасын көтеру жолында еңбек ете беремін деп, Сіздерді сендіремін және соған ат салысуға Сіздерді шақырамын! Тыңдағандарыңызға рахмет!